Семейдегі өртте 3 орманшы қаза болды: Президент ТЖМ басшысына шұғыл тапсырма берді

None
Фото: akorda.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Абай облысындағы алапат өртке байланысты Президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылды.

ТЖМ мәліметіне сәйкес, орман шаруашылығының үш қызметкері қаза тапты, тағы 11 қызметкер іздестіріліп жатыр», - делінген мәліметте.

Еске салайық, аздаған уақыт бұрын Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

«Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын. «Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады», - деген болатын Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Орман өртін сөндірумен айналысып жатқан 14 маманмен байланыс үзілгенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар