Семейдегі музейге Абайдың 1885 жылы жазылған Қарамола жарғысы қойылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Конституция күні қарсаңында Семей қаласындағы музейде Абайдың 1885 жылы жазылған Қарамола жарғысы көптің назарына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңдар жинағы 2018 жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы қызметкерлерінің Қазан қаласына жасаған сапары барысында табылған. Кодекс 1885 жылы Қарамола елді мекеніндегі съезде, Абай жоғарғы би болып сайланғанда қабылданған. Содан кейін Семей әскери губернаторының бұйрығымен құжат Қазан университетінің баспасында араб әліпбиімен шығарылды. Қарамола жарғысы – бұл адам құқығы мен бостандығын қорғау туралы ережелер жинағы.

«1885 жылы Қарамола елді мекенінде билердің съезді өтті. Сол съезде Абай жоғарғы би болып сайланды. Ресей үкіметінің жергілікті өкілдері хакімнен заңдар жинағын жазып беруді өтінген. Үш күн ішінде билермен кеңесе отырып, Абай осы жарғыны шығарды», - дейді Абай атындағы музей директоры Мейрамгүл Қайрамбаева.

Бұрын Қазақстанда осы жарғының тек кирил қарпімен жазылған нұсқасы ғана болған. Ол Семейдегі музейде 60 жылдардан бастап сақталуда.

«Құжаттың түпнұсқасы болмаған. Енді зерттеушілер кирил қарпімен машинкамен жазылған көшірмесін түпнұсқамен салыстыра алатын болады. Сонымен қатар бірқатар мәселелерге нүкте қойылады. Себебі бұған дейін кейбір тараулар бойынша дау-дамайлар туындаған еді. Кирилл қарпіне аударғанда да қателіктер кетуі мүмкін. Зерттеушілер үшін бұл өте үлкен олжа. Конституция күніне орай осы заңдар жинағын келушілерге көрсетуді маңызды деп санаймыз», - деді Мейрамгүл Қайрамбаева.


Соңғы жаңалықтар