Семейдегі көпір құрылысы 3 жылдан соң қайта жанданды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейдің Қайым Мұхамедханов көшесі бойында салынып жатқан жерүсті көпірі мамыр айында пайдалануға берілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық алаңда  салынып жатқан жерүсті көпірінің құрылысы  2014  жылы басталған. Бірақ, құрылыс жұмыстарын қолға алған өскемендік «Интермастер» фирмасының банкрот болуы салдарынан арадағы келісімшарт бұзылған. Содан бері нысан құрылысы тоқтап тұрды. 2017 жылы қайтадан байқау жарияланады. Оның қорытындысы бойынша жұмыстарды жалғастыру семейлік «Металлист» серіктестігіне жүктелді. Көпір өткен жылы пайдалануға берілу керек еді. Бірақ аяқталмаған жұмыстардың салдарынан қолданысқа беру мерзімі ұзартылған.

«2017 жылдың соңында біз нысан құрылысының 95 пайызын аяқтадық. Қазір өткелдің аумағындағы жұмыстары жүріп жатыр. Ол жерге плиткалар төселіп, жол жиектері орнатылады. Осыған байланысты келісімшартты осы жылға тағы да создық. Мамырда пайдалануға береміз», - деді Жолаушылар көлігі және автокөлік жоладары бөлім жетекшісінің орынбасары Нұрлан Серғазинов.

 Күрделі нысанның құны 62 млн теңге болып бекітілген. Алғашқы 11 млн теңге 4 жыл бұрын бөлініпті. 2017 жылы қалған 50 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, қазір жұмыстар қызу жүріп жатыр.

 
Соңғы жаңалықтар