Семейдегі колледж ғимараты құқық қорғау органдарына берілмейді – ШҚО білім басқармасы

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы Семей қаласындағы колледж ғимаратының құқық қорғау органдарына берілмейтіндігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кешелі бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жаңадан құрылатын Абай облысының орталығына айналатын Семейдегі Геодезия және картография колледжінің ғимараты құқық қорғау органдарына берілетіндігі жайлы хабар тарады. ШҚО білім басқармасы бұған қатысты ресми мәлімдеме жасады.

«Өңірдің Абай және Шығыс Қазақстан облыстары болып екіге бөлінуіне байланысты Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту мақсатында ведомстволық бағынысты мекемелерге талдау жасап жатыр. Осы жұмыс аясында Семей қаласындағы колледж ғимараттарының материалдық-техникалық базасына мониторинг жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда колледждерді жабу, ғимараттарды алып қою мәселесі талқыланып жатқан жоқ», - делінген ақпаратта.

Ведомство дерегінше, Семейдегі ТжКБ жүйесіндегі білім ордалары дайындап жатқан мамандықтар облыстың да, республиканың да еңбек нарығында сұранысқа ие.

«Колледждердің өз салаларында алдыңғы қатардағы мамандарды даярлауда көп жылдық тәжірибесі бар. Бұл колледждердің түлектері облыстағы және республикадағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. Семейдегі барлық колледж студенттері әдеттегідей оқуын жалғастырып, оқыған мамандығы бойынша оқу орнын бітіргені туралы диплом алады. Мұғалімдердің, студенттердің және олардың ата-аналарының бұл туралы алаңдауына еш негіз жоқ. Мәселе бақылауда», - делінген хабарламада.

Осыған дейін Семей өңірін дамытуға соңғы жылдары 354 млрд теңге инвестиция тартылғанын жазған болатынбыз.



Сурет: ulysmedia.kz


Соңғы жаңалықтар