Семейдегі қоғамдық көлік мәселесі: Әкімдік автобустардың тоқтап қалмайтынын жеткізді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қандай жағдай болмасын қоғамдық көліктердің тоқтап қалмайтындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы күндері БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Семейдегі автобус паркіндегі қордаланған мәселелер қызу талқыға түскен. Қоғамдық резонансқа орай Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз мәслихатын өткізді. Оған ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және шаһардың бұрынғы басшысы Ермак Сәлімов қатысты.

2019 жылы қала тұрғындары тарапынан жолаушылар тасымалының сапасы мен автобустардың жай-күйіне қатысты шағымдардан кейін өңір әкімдігі «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы автобустарды жаңарту туралы шешім қабылдаған. Осылайша «SEMEY BUS» ЖШС кәсіпорны құрылып, 4,2 млрд теңгеге 170 автобус сатып алынды. Бизнеске түсетін салмақты азайту үшін әкімдік жобаны бірлесіп қаржыландыруға 633 млн теңге бөлді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жаңа автобустар сатып алғанға дейін жеке тасымалдаушылар жолаушылар ағынын жылына 17 млн адам деп көрсетті. Алматы көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүргізген талдаудан кейін нақты жылдық жолаушылар ағыны 57 млн адам екені белгілі болған. Бұл лизинг арқылы жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдаудағы негізгі факторлардың бірі болды. Өйткені есептеулер бойынша жоба экономикалық тұрғыдан тиімді.

«Алайда «SEMEY BUS» ЖШС қиын жағдайға тап болды. Кәсіпорын қызметкерлері жалақыны уақтылы ала алмайды, зейнетақы және әлеуметтік аударымдар жүргізілмей қалды. Осылайша, қарыз сомасы 168,5 млн теңгені құраған. Әкімдіктің араласуы нәтижесінде қарыз өтелді. Сонымен қатар кәсіпорын бюджетке салық төлемейді. Қарыз 316 млн теңгеге жетті. Компанияның есепшотына тыйым салынуы да мүмкін», - деді Алмасхан Сматлаев.

Сонымен қатар сатып алынған 170 жаңа автобустың небәрі жарты жылдан кейін 30-ға жуығы бұзылып, жүрмей қалған. Ал бүгінгі таңда 70-ке жуық автобус сынған. Қалада қоғамдық көліктер тоқтап қалмас үшін әкімдік қажетті шараларды қабылдауда.

«Алдағы уақытта Семей қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өткізіліп, аталған кәсіпорынға тағы 500 млн теңге бөлу мәселесі талқыға салынбақ. Одан әрі бұл мәселе республикалық деңгейде қаралатын болады. Тасымалдаушылар қажетті субсидияны алады деп үміттенемін. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі уақытқа дейін бірде-бір өтінім түскен жоқ. Біз бұл мәселе бойынша жұмыс істейтін боламыз. Кез келген жағдайда автобустар тоқтап қалмайды. Қоғамдық көліктер барлық әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша штаттық режимде қатынайды», - деді шаһар әкімі Нұрымбет Сақтағанов.


Соңғы жаңалықтар