Семейдегі «Қазэлектромонтаж-С» АҚ жұмысшылары 9 ай жалақы алмаған

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейдегі «Қазэлектромонтаж-С» акционерлік қоғамынының жұмысшылары 9 ай жалақысыз жүр. Бүгінде кәсіпорынның қызметкерлері алдындағы жалпы қарызы 57 млн теңгеге жеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңдай терімен тапқан жалақысын ала алмай жүрген 115 жұмысшының күте-күте төзімі таусылған. Тіпті кәсіпорынды сотқа беріп, жеңіп шыққан. Өткен жылдың қарашасында заңды күшіне енген сот шешімінен кейін еңбекақымызды аламыз деп қуанған. Алайда әлі күнге дейін тек күтумен келеді.

Кәсіпорынның директоры Эльдар Байкановтың сөзінше, тапсырыс беруші компания «Қазэлектромонтаж-С» акционерлік қоғамынының атқарған жұмыстарына ақша төлемей, құрдымға кеткен. Осылайша, 600 млн. теңге қарызын қайтармаған екен.

«Бас мердігер «Isis Инжиниринг» кәсіпорны мекемесін сотқа бердік. Себебі, біздің «Ақтоғай» тау-кен байыту комбинатында атқарған жұмыстарға ақша төлемеді. Сотта жеңіп шықсақ та біз кәсіпорнымызды банкрот деп тани алмадық. Бүгінде барлық шоттарымыз бұғатталған. Мемлекеттік тендерге де қатыса алмай отырмыз. Жалақы алмаған соң көп жұмысшылар жұмысқа келуден бас тартты. Осылайша жоспарланған жұмыстар да тоқтады», - дейді Эльдар Байканов.

Жұмысшылардың мәселесін шешуге қала басшылығы да кіріскен. Бүгінде кәсіпорынға жаңа инвестор табылды. Енді жекенің қолына өтіп жатыр. Осылайша жылға жуықтаған мәселені инвестор өз қаражаты есебінен шешпек. Бүгінде жұмысшылардың қарызын қайтару туралы тізім жасалған. Яғни, қарыздың 50 пайызын 11-ші ақпанға дейін, ал 22-ші наурызға дейін жұмысшылар алдындағы қарыз толық өтеледі деп жоспарлануда.

«Сот арқылы компанияның банкрот болғанын дәлелдеу керек. Бұл үшін уақыт керек. Сондықтан инвестор арқылы, жұмысты қайта бастау керек», - деді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Айта кетейік, 1964 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын электр желілерін таратады. Сондай-ақ Қазақстан бойынша жоғары деңгейлі электр жабдықтарын орнатумен айналысады.

Соңғы жаңалықтар