Семейдегі Ф.Достоевский музейі қастерлі орындар тізімінде

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы Қазақстанның киелі 100 нысанының құрамына Семейде орналасқан 5 нысан кірді. Атап айтқанда Жидебайдағы Абай мұражайы, «Абай-Шәкәрім» кесене кешені, Достоевскийдің үй мұражайы, «Алаш арыстары» мұражайы және «Өлімнен де күшті» мемориалы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Әлемде жазушы Федор Достоевскийдің өмірі мен шығармашылығына арналған жеті музей бар екен. Соның бірі Семейде орналасқан. Бүгінгі күні мұнда шетелдерден келетін қонақтар көп. Барлығы Достоевскийдің кезеңін сезіну үшін арнайы келіп жатыр. Федор Достоевский Семейге  1854 жылы көктемде әскери қызметін атқару үшін  келеді. Сібірлік жетінші жүйелік бөлім батальонында жеке қызметкер лауазымына көтеріледі. Бірақ ауруына байланысты қызметінен кетеді. Музейді 1857-1859 жылдары пәтер үшін жалдап тұрған екен. Алғашында казармада, кейінірек басқа пәтерлерді де жалдап тұрған. Бірақ пошташы Лепухиннің осы үйі ғана бертінге дейін сақталып қалған. Осында  жазушы өзінің бірінші жұбайы Мария Исаеваны жолықтырады. Кузнецк қаласында некеге тұрғаннан кейін, Достоевский қызметтен босатылып, қаладан кетуіне рұқсат алғанға дейін Семейге қайта оралып, екі жарым жыл осы үйде тұрады. Сөйтіп, сол жылдары ғалым-саяхатшы Шоқан Уәлихановпен  танысып, достық қарым-қатынастары нығая түседі.    Биыл  7 мамырда музейдің ресим ашылуына 47 жыл толады.

«Біздің музей ғимаратының қасиеттілігі ерекше, көнеден келе жатқан тарихи ғимарат. Осы үйде тұрғанда Фёдор Михайловичтің ғалым-саяхатшы Шоқан Уәлихановпен достасып, қарым-қатынастары нығая түсті. Бүгінгі күні музей шетелдіктердің қызығушылық тудырып отырған орын болып табылады. Ғимарат негізінде 1838 жылы салынған, бір жарым қабатты ағаш үй еді. Семей қаласында  1971 жылдың 7 мамырында Қазақ Министрлер Кеңесінің бастамасымен ашылды»,-дейді музей директоры Татьяна Автушко.

1902 жылы жазушының туғанына 80 жыл толуына байланысты Семей қалалық Думасына, Орыс империялық географиялық қоғамының өкілдері Достоевскийдің есімін қалада сақтау туралы өтініш жазған екен.  Осылайша, сол кездегі Крепостной көшесінің атын «Достоевский» көшесі деп өзгертуге, ал үйінің алдына «Достоевскийдің бұрынғы пәтері»деп жазылған тақтайша қою туралы шешім қабылданады.  Бірақ тек 1911 жылы ғана көше атауы өзгеріп, бүгінгі күнге дейін Достоевскийдің атымен аталады. Болашақ мұражай қорын қалыптастыруға және толықтыруға көптеген танымал ғалымдар,  жазушылар, суретшілер мен жергілікті тарихшылар қатысқанын айтуымыз керек. Бүгінгі күні музейде Ф. Достоевскийге қатысты ең қымбат жәдігер  өз қолымен жазылған есебі мен некелесуге рұқсат беретін құжаты сақталған.

Музей қызметкерлері нысанның Қазақстанның  киелі орындар жобасына кіргеніне қуанышты. Олар ғимарат алдында тұрған қоладан жасалған «Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің достығы» ескерткіш-мүсіні жөнделіп, аумақты абаттандыру көгалдандыру жұмыстарының жүзеге асатынына сенімді.

Фото: akimsemey.gov.kz

Соңғы жаңалықтар