Семейдегі Биоорталық қасқыр талап өлтірген сілеусінге қатысты түсініктеме берді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында қасқыр талап өлтірген сілеусінге қатысты Биологиялық орталық директоры Валерий Дядов түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейдегі көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінен сілеусін табылғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Құтқарушылар оны ұстап, Биологиялық орталыққа жеткізді. Кейін хайуанды қасқыр талап өлтіргені анықталды.

Бүгін қалалық ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихатында Валерий Дядов сілеусін бұл орталықта бір күннен артық ұсталмауы тиіс болғанын атап өтті. Алайда, басқа жерлерде бос орынның табылмауына байланысты, ол жабайы аңдар тұратын орыннан жеке үйшікке орналастырылған.

«Сілеусінге ет торкөз арқылы тасталып отырды. Арнайы орын болмағандықтан қасқырды да екі аралық арқылы тамақтандыруға тура келді. Арада 5 күн өтсе де, сілеусінге жаңа орын табылмады. 31 қаңтар күні кешкі тамақтандыру кезінде үйшіктегі сілеусін кіретін есіктің торкөзінен аяғын шығарып қалғанда, тамақтанып жатқан қасқыр көзілеспес жылдамдықпен оның аяғынан бас салып, жауырын тұсына дейін тартып қалады. Сілеусін сол мезетте-ақ өліп кеткен. Ел арасында «қасқыр аш, арық болды. Сол себепті сілеусінді бас салды деген» қауесет тарауда. Бұл – жалған сөз. Қасқыр үнемі күтімде. Бірақ жыртқыштың аты жыртқыш қой» – дейді В. Дядов.

Оның айтуынша, сілеусіннің не себепті аяғын сұққаны түсініксіз. Бұл оқиғаға орталық қызметкерлері емес, сол жерге келушілер куә болған.

«Біздің қолдан келер шарамыз болмады. Егер сол торға адам кірсе, қасқыр оған да атылатын еді. Негізінен сілеусінді бар болғаны бір күн ұстауымыз тиіс еді. Мен осыны айтып, табиғатты қорғау полициясына да бардым. Бірақ бұл мәселе шешілгенше қасқыр сілеусінді талап өлтірді» – дейді биологиялық орталық директоры.

Әлеуметтік желі қолданушылары жабайы аңды «неге биоорталыққа алып барды? Жыртқышты бостандыққа жіберу керек еді» деген сыңайдағы пікірлер білдіруде. Ал мамандардың сөзінше, сілеусінді орманға жіберу – қауіпті. Себебі бір айдан астам уақыт қала ішінде өз тамағын өзі тауып жеуге үйренген жыртқыш жақын маңдағы елді мекендерге түсуі мүмкін еді.


Соңғы жаңалықтар