+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Семейдегі Абай мұражайында Ираннан жіберілген 2 сыйлық сақтаулы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылғы 15 тамыз 12:07
Бөлісіңіз:
Семейдегі Абай мұражайында Ираннан жіберілген 2 сыйлық сақтаулы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ұлан-Батырда Қазақстанстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Абай күніне арналған дөңгелек үстел өтті - Kaznews

2021 жылғы 10 тамызда Ұлан-Батырда моңғол қоғамы мен қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Абай күніне арналған дөңгелек үстел өткізілді. Іс -шараны Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Kaznews ақпараттық порталы.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Қазақстан Елшісі Ж.Әділбаев Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуындағы, диверсфикацияланған нарықтық экономиканы құрудағы, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің бірегей үлгісіндегі басты тарихи белестерге тоқталған. Елші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі Қазақстанның қалыптасуындағы ерекше үлесі, сондай -ақ мемлекеттік реформаларды ілгерілету мен қоғамдық тәртіпті жаңғыртудағы ел басшылығы саясатының сабақтастығын атап өткен.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат 10 тамызда Қазақстанда Абай күні аталып өтуде екенін де баса айтты. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың туған күні Қазақстанда ресми түрде мерекелік күнге айналғанын тілге тиек еткен.

«Осыған орай, Қазақстанның Елшілігінде Ұлан-Батыр қаласының Д.Нацагдорж атындағы орталық кітапханасының меңгерушісі Д.Индра мен Моңғолиядағы қазақ диаспорасының абайтанушысы Т.Етекбайға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаттары тапсырылды», деп жазды Kaznews.

Бұған қоса, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтота Райымқұлованың алғыс хаттарымен «Elite» халықаралық мектебінің директоры Б.Тамир, Д.Нацагдорж атындағы орталық кітапханасының қызметшісі Ж.Рая, «Elite» халықаралық мектебінің мұғалімі Д.Белгібаева және «Алаш Моңғолия» үкіметтік емес ұйымының мүшесі Ж.Барс марапатталды.

Алғыс хаттар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-ағартушылық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың шығармашылығын насихаттауға қосқан үлесі үшін табысталған.

Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің аға буыны ақын М. Омарұлы өмірден өтті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі - ақын Мекембай Омарұлы 73 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігінің келтірген дерегіне сүйенсек, Мекембай Омарұлы 1949 жылдың 9 ақпанында Ташкенттің іргесіндегі Түзел елді-мекенінде туып-өсіп, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институттың қазақ филологиясы факультетін тәмамдаған. Сондай-ақ, ол көп жылдар бойы ұстаздық ете жүріп, Өзбекстандағы қазақ мектептеріне арнап оқулықтар жазған.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, М. Омарұлы шығармашылық еңбек жолында Өзбекстаннан шығатын қазақ тілді «Достық туы» (қазіргі «Нұрлы жол») газетінде журналисттік қызметте жүріп әдебиет бөлімін басқарған. Өз шығармашылығын шыңдай білген ақынның творчествосы тек бір тілде ғана жалғаспаған. Ол қазақ және өзбек әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын ретінде екі ел Жазушылар одағының мүшесі атанды. Көп жылдық талмай атқарған еңбегі мен ізденістерінің арқасында Туран ғылымдар академиясының құрметті академигі болған.

«Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің аға буыны саналған – көрнекті қаламгердің «Махаббат» (Ташкент, 1999), «Атамекен» (Алматы, 2008), «Таудай бол» (Ташкент, 2009), «Төрткүл дүние» (Алматы, 2011), «Күн күлкісі» (Ташкент, 2013), «Ай астындағы айналайындар» (Алматы, 2017), «Ақыл қайрағы» (Ташкент, 2018) жыр жинақтары мен «Ең тәтті алмалар» (Алматы) деп аталған әңгімелер мен хикаяттар топтамасы және «Шанышқылы шежіресі» тарихи-танымдық кітабы (Ташкент, 2000) «Өбекстандық қазақ ақындары жырларының антологиясы» (кітабының құрастырушысы, Ташкент-2017) оқырманмен қауышты», деп жазды «ӨзА».

Айта кетейік, Мекембай Омарұлы Өзбекстан Жазушылар одағының жанындағы «Қазақ әдебиеті» кеңесінің төрағасы болған.

Семейдегі Абай мұражайында Ираннан жіберілген екі сыйлық сақтаулы - Parstoday


Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

Қазақстанның Семей қаласындағы Абай мұражайында Ираннан жіберілген екі сыйлық сақтаулы. Оның бірі – «Абай портреті». Ол 1995 жылы Қазақтың бас ақыны Абайдың 150 жылдығына орай сол кездегі Иран президенті Аятолла Хашеми Рафсанджани атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту етілген. Ал екіншісі – «Абай 175» кілем-картинасы. Ол 2020 жылы Абайдың 175 жылдығына орай Иранда тұрып жатқан қазақ қызы Г.Ж. Омарханова атынан Абай мұражайына тарту етілді, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«10 тамыз Қазақстанда Абай күні тойланып жатыр. Соған орай Иран Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабына қарасты Қазақ радиосы тілшісінің 2021 жылы жазда Абай мұражайында түсірген Х.Рафсанджани мен Г.Ж. Омарханованың сыйлығының суреттерін назарларыңызға ұсынамыз», деп жазады ирандық БАҚ.

Қазақстан-Қытай бірлесіп жасаған тұңғыш су электр стансасы іске қосылды- «Жэньминьи жибао» (People Daily)

Қытай-Қазақстан ынтымақтастығындағы «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясындағы алғашқы гидроэнергетикалық жоба өндіріске енгізілді.

China Three Gorges Group Co., Ltd. еншілес компаниясы China Water Resources and Electric Power External Co., Ltd.мен салынған Қазақстандағы Тургусун ГЭС -і жақында электр энергиясын өндіру үшін барлық қондырғыларды ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды People Daily.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегінше, Тургусон гидроэлектростанциясы Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысының Тургусон өзенінде орналасқан, жалпы орнатылған қуаты 24,9 МВт. Жоба 2017 жылы құрылысты басталған. Бұл өзен бассейнінің каскадты жоспарлауындағы бірінші электр станциясы және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы шеңберінде Қытай-Қазақстан әлеуеті бойынша ынтымақтастық саласындағы алғашқы негізгі жоба.

Түркия Қазақстанға ризашылығын білдірді - TRT


ТР Сыртқы істер министрлігі хабарлама жариялап, ТР Сыртқы істер министрлігі орман өртін сөндіруге жолдаған көмегі үшін Қазақстан Республикасына ризашылығын білдірді, деп мәлімдейді Түркия радио телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Түркияның сыртқы саяси ведомствосы Twitter парақшасында «Қазақ бауырларымызға тілектестік пен қолдау үшін алғысымызды білдіреміз» деп жазған.

Айта кетейік, министрлік ризашылығын қазақ және түрік тілдерінде жеткізген.

Естеріңізде болар, 7 тамыз күні Қазақстан Түркияға өрт сөндіретін екі арнайы тікұшақ пен 16 құтқарушы жіберген болатын. Қазақстандық тікұшақтар сенбі күні ұшып шықты және үш мемлекетте аялдап, Түркияның Мугла қаласына жетті.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бейсен Сұлтан

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059

MURAǴAT