Семейде жылыту маусымына қызу дайындық жүргізілуде

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында биылғы жылыту маусымына қызу дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде осы жылы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына және қаладағы қазандықтарды реконструкциялауға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Орталық, Ғаббасов, 103, 103А, 35 квартал атты қазандықтарда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында «Теплокоммунэнерго» МҚК басшысының орынбасары Николай Демин мәлімдеді.

«Мердігер компания жұмыстарда бекітілген кестеге сәйкес жүргізуде. Осы жылғы жылыту маусымында ешқандай олқылық болмайды деген сенімдеміз. Жауапты мамандар барлығын мұқият тексеріп жатыр», - деді ол.

Николай Деминнің айтуынша, жылу ауа температурасына байланысты беріледі. Егер үш күн бойы тұрақты түрде 8 градус суық болса, онда үйге жылу қосылады.

«Сол жағалау ауданының тұрғындары ыстық сумен осы демалыс күндері қамтамасыз етіледі. Ал оң жағалау халқына жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін тоса тұруларына тура келеді», - деді кәсіпорын басшысының орынбасары.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Семейде жылу жүйесінде апат болып, 580 пәтер жылусыз қалған болатын.


Соңғы жаңалықтар