Семейде жыл соңына дейін жалғасатын қайырымдылық акция басталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде «Жылы жүрек - жомарт қол» атты қайырымдылық акциясы бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласын жүзеге асыру мақсатында Қазақ инновациялық гуманитарлық - заң университетінің студенттерінен құралған еріктілер тобы және «Ақ ниет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Жылы жүрек - жомарт қол» атты қайырымдылық акциясы басталды. Акция жыл соңына дейін жалғасады. Кез-келген қала тұрғыны ақшалай көмектен басқа балалар киімі, кеңсе заттары, ойыншықтарды сыйлау арқылы акцияға қатыса алады. Осылайша ұйымдастырушылар ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетпек.

Бүгінде университет оқытушылары мен студенттері мүмкіндіктерінше қаржылай және заттай көмек жинап жатыр. Кейін қаладағы балалар үйлеріне арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырып, салтанатты түрде табыстауды жоспарлап отыр. Егер акция көпшілік тарапынан қолдау тапса ары қарай жалғасын таппақ.

«Қайырымдылық акциясының мақсаты - жастардың бойына рухани тәрбиені сіңіре отырып, қайырымдылыққа баулу, адамгершілік қасиетін арттыру. Себебі, қазіргі қоғамда материалдық көмекке зәру балаларға көмек көрсету ғана емес, мүмкіндігі бар азаматтардың бойында көмек қолын созуға әрқашан дайын болу сезімін қалыптастыру. Акция жастарға және қоғамның барлық мүшелеріне мейірімділік сезімін ұялататынына сенімдімін»,-дейді Қазақ инновациялық гуманитарлық - заң университетінің PhD докторанты Айрат Базенов.

Соңғы жаңалықтар