Семейде жұмысына салғырт қараған полицейлер сотталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде әкiмшiлiк жолмен қамауға алынған тұлғаларды ұстайтын арнайы қабылдау орнында әйел өз-өзіне қол жұмсаған. Сол күні жұмысына салғырт қараған кезекші полиция қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат Семей қалалық №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 2017 жылдың 11 қазанында болған. Әйел киімінің бауынан арқан жасап, есіктің тұтқасына асылып қалған. Ал кезекші полиция қызметкері оның денесін 2 сағат өткеннен кейін көрген. Бірнеше күн бұрын ғана қамауға алынған әйелді бақылауға алуды көрші камерадағы әйелдер полиция қызметкеріне ескерткен. Алайда олар ескертуді елемеген. Оқиғадан кейін жұмысына салғырттық танытып, өз міндетін дұрыс орындамағаны үшін екі полиция қызметкері ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы 2-тармағы (Салғырттық) бойынша жауап тартылды.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше оқиға болатын күні кезекші полицейлер жаңадан келген әкімшілік қамауға алынған адамдардың суреттерін түсіріп, саусақ іздерін алған. Сондықтан бейнебақылау камерасына да қарамаған.

№2 соты кезекшілік атқарған полиция қызметкерлерін кінәлі деп тапты. Біріншісіне 1 жыл 6 ай, екінші кезекшілік атқарған полиция қызметкерін 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, айыпталушылар мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар