Семейде ЖЭО құрылысына 500 млрд теңге қажет - облыс әкімі

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде жаңа Жылу электр орталығын салуға 500 миллиард теңге қажет. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Нұрлан Ұранхаев журналистермен кездесу барысында Семей қаласын күтіп тұрған бірқатар ауқымды өзгерісті сөз етті.

«Семейдегі Жылу электр орталығының құрылысына 500 миллиард теңге қажет. Абай облысы арқылы Қытайға өтетін теміржол салуға да осыншама дерлік қаражат жұмсалады. Өңірдің кешенді жоспары және Семей қаласының бас жоспары бойынша мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстары басталды. Қазір көне ғимараттардың тағдыры шешілуде. Мәселен, Семейде сонау 1890 жылы көпестер салған алғашқы бу диірмені сақталған», - деді ол.

Нұрлан Ұранхаев өз сөзінде Ертіс арқылы тағы бір көпір салынатынын, Семей қаласының сол жағалау бөлігінде жағалау салу жоспарланғанын жеткізді.

«Сондай-ақ бірнеше залы бар Мұз сарайын салу жоспарлануда. Жаңа театр салу да көзделіп отыр. Өйткені қазір қаладағы үш театр ұжымы бір ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр», - деп бөлісті өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар