Семейде жедел жәрдем көліктері жетпей жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семейдегі жедел жәрдем ауруханалары сырттан көлік жалдауға мәжбүр. Бұл туралы облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген 189 мың адам міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне өтуі тиіс. Әзірге соның тек 80 мыңы ғана белсенді сақтандырушы ретінде тіркелген. Қалған 109 мың адаммен түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізілуде. Тұрақты еңбекақысы жоқ, табысын түрлі кәсіптен тауып жүрген жандарды жаңа жүйеге тарту үшін мемлекет әлеуметтік жұмыс ұсынып немесе жұмыссыз ретінде тіркеуге алуы тиіс. Бұл санатқа кірген адамдарға сақтандыру жарнасын мемлекет төлеуі тиіс. Алайда, тіркеуге алынбаған 109 мың адамның 21 мыңы мемлекет көмегінен бас тартқан. 

«16 мың адам міндетті медициналық сақтандыру ісінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен әріптестіктен бас тартып отыр. Сондай-ақ, тіркелмеген 25 мың жұмыссыздың бес мыңы сақтандыру жүйесіне қандай да бір жолмен қатысудан бас тартты» - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс тұрғындарынан сақтандыру қорына 6,4 млрд теңге жарна түскен. Бұл - облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінетін бір жылдық бюджеттің 10 пайызына тең. 

Даниал Ахметов медициналық сақтандыру ісінде мемлекеттің көмегінен бас тартқан тұрғындардың мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

«Сіздер олардың бас тартқанын алға тартып, істі жылы жауып отырсыздар. Ертең солардың бірі науқастанып, ауруханаға түскенде жарна төлемеген болса, далада қалуы мүмкін. Ал халықтың амандығына біз жауаптымыз. Сондықтан, көмектен бас тартқан тұлғаларға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінің нақты ұстанымын айқындап алу қажет» - деді ол.

Мәжіліс барысында Семейге жедел жәрдем көліктерінің жетпей жатқаны да айтылды. Осының салдарынан жедел жәрдем ауруханалары жеке көліктерді жалға алуға мәжбүр. Облыс әкімі бұл мәселені Өзбекстанмен бірлесіп шешуге болатынын атады.

«Қанша жедел жәрдем көлігі керек болса, соншасын сатып аламыз. Бірақ ол Ресейдің техникасы болмауы қажет. Ондай ескі үлгідегі көліктер Катонқарағай мен Тарбағатайдың таулы аумақтарына ғана жарамды. Таулы жерде оларға тең келер көлік жоқ. Ал жазық жерде оларды Өзбекстанда жапон технологиясы бойынша құралатын Isuzu көліктерімен алмастыру қажет», - деді әкім.

Соңғы жаңалықтар