Семейде жастар патрулі құрылады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс көлемін төмендету мақсатында жастар патрулі құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Семей ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықты төмендетуге қол жеткізгенмен жасөспірімдер арасында ауыр қылмыс жасайтындар саны азаймай отыр. Сондықтан қылмыстардың алдын алу жұмыстарын жандандыру керек. Осыған орай, үстіміздегі жылдың қыркүйек айтында жастар патрулі құрылады», - дейді Семей қаласының жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Әділбек Нығманов.

Оның айтуынша, жастардың негізгі жұмысы полицейлерге қаланы патрульдеуде көмек көрсету болмақ.

Сонымен қатар, ішкі саясат бөлімі оқу орындарында құқықтық мектептер ашуды жоспарлап отыр.

Айта кетсек, 2018 жылы қалада қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін 114 , әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 916 жасөспірім жауапқа тартылған. Кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына 160 бала түсіп, арнайы мектептерге 5 бала жіберілген.

Соңғы жаңалықтар