Семейде жастар мәслихаты құрылды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облыстық жастар мәслихаты құрамына енген депутаттардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, олар өңірдегі жастардың өзекті проблемаларын ғана көтермейді, облыс пен Семей қаласындағы түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын да ұсынады.

«Облыстық жастар мәслихатына үміткерлермен әңгімелесу өтті. Оған 100-ге жуық адам қатысты. Олар абаттандыру, экология және адам құқықтарын қорғау бойынша өз жобаларын ұсынды. Шағын кәсіпкерлікті дамыту жайы да сөз болды. Жас кәсіпкерлер өздерінің сайты мен жұмысын таныстырды. Эксперттік комиссия шешімімен Абай облыстық жастар мәслихатына 25 депутат іріктелді. 4 жас кадрлық резерв құрамына енгізілді», - дейді «Абай облыстық жастар мәслихаты» қоғамдық бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Замира Мұрсалимова.

Жастар мәслихаты құрамына әр салада жұмыс істейтін жастар енген. Олардың ішінде кәсіпкер де, мұғалім де, ғалым да, еріктілер де бар. «Бұл жастар облыстық мәслихат депутаттарына көмекші ретінде жұмыс істейді. Сөйтіп, өздеріне тәжірибе жинайды, шыңдалады. Кейін кадрлық резервке кіреді. Жастар мәслихатын құру бастамасын облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев та қолдады», - дейді Абай облыстық мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов.


Соңғы жаңалықтар