Семейде жаңа шағын аудан салынып жатыр

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде «Ақсай» деп аталатын жаңа шағын аудан салынып жатыр. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов жер теліміне кезекте тұрған тұрғындармен жүздесіп, болашақ баспаналардың үлгілерімен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 10 шағын аудан белгіленген. Соның бірі «Ақсай». Ауданда үй салу үшін 1,7 мың жер телімі бөлінген. Бүгінгі күні оның 556-нің құжаты рәсімделіп, 194 үй меншік иелерінің жеке қаражаты есебінен салынған.

«Жер учаскесі уақытша 3 жылға беріледі. Осы уақыт аралығында біздің талаптар орындалмаса, жер қайтарылып алынады. Тұрғын үйлер бір сәулеттік үлгіде салынады. Ауданда қажетті барлық инфрақұрылымдар болады. Қазір жарық бар. Енді орталықтандырылған су жүйесі мен газ тарту жұмыстары басталады», - деді Ермак Сәлімов.
null

Салыну тиіс баспаналардың 1 шаршы метрі 120 мың теңге. 100 шаршы метрден тұратын бір үйдің құны шамамен 12 млн теңгені құрайды. Үйді алу үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның салымшысы атанып, депозиттегі есеп-шот тұрғын үйдің жалпы сомасының 30% құрауы тиіс.

«100 шаршы метрлі тұрғын үйді алсақ, несиелеу 12 жылға бес пайыздық мөлшермен белгіленеді. Ай сайын салымшы 70 мың теңге қаржы төлеп, несиесін біртіндеп жауып отыру тиіс», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ» Семей қаласындағы филиалының директоры Равиль Сәбитов.

Сондай-ақ әр салымшы жоба эскизін сызу барысында қанша бөлме болатынын, қандай құрылыс материалдарын қолдану керектігін өздері таңдай алады. Жаңа мөлтек ауданында алдағы уақытта 1 200 орынға арналған мектеп және 320 бүлдіршінге шақталған балалар бақшасы салыну көзделіп отыр.

Ауданның құрылысы ағымдағы жылдың ақпан айында басталды. Енді жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл жерге жету үшін қоғамдық көлік те ұйымдастырылған. Қазіргі күні Ақсай ықшам ауданы бағытында екі автобус іске қосылған. Алдағы уақытта тағы екі бағыт қатынайтын болады. 

Соңғы жаңалықтар