Семейде жалпы құны 54 миллион теңге заңсыз темекі тәркіленді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде 54 миллион теңгенің заңсыз темекі өнімі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Семей қаласында темекі өнімін заңсыз өткізуді анықтады.

«Іс фигуранттарына тиесілі сауда орындары, қоймалар, машиналарда жүргізілген тінту нәтижесінде түрлі атаудағы акциздік маркасыз 116 мыңнан астам темекі тәркіленді. Жүргізілген сараптамаға сәйкес темекі өнімінің құны 54 миллион теңгеге бағаланады», делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Ведомствоның мәлімдеуінше, темекі өнімдерінің заңсыз нарығы ұлттық деңгейде қауіп. Бұл сапасыз тауар немесе салық төлемеу ғана емес, сонымен бірге қоғам мен мемлекетке айтарлықтай қатер төндіреді.

Біріншіден, бұл қылмыс деңгейінің өсуі және криминогендік жағдайдың нашарлауы. Екіншіден, контрафакт темекі қоғамдық денсаулыққа, әсіресе жас ұрпаққа тікелей қауіп төндіреді. Үшіншіден, әлемде жыл сайын шамамен 400 миллиард заңсыз темекі сатылады.

Темекі өнімінің заңсыз нарығының әлемдік ауқымы көлеңкелі сектордың дамуына ықпал етіп қана қоймай, тұтастай алғанда экономикаға зардап тигізеді.


Соңғы жаңалықтар