Семейде жалақысыз қалған автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жалақысын ала алмай отырған автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Semey Bus» және «Семей Автобус паркі» ЖШС қоғамдық көліктері желіге шықпады. Бұған еңбек ұжымына жалақының уақытылы төленбеуі себеп болған.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда «Semey Bus» басшылығының зейнетақы және басқа да аударымдар бойынша борышы жарты миллиард теңгеден асып отыр.

Нәтижесінде, оларға МӘМС аясында қызмет көрсетілмеуде. Ай сайынғы зейнетақы аударымы болмағандықтан, тіпті несиеге де өтініш бере алмайды.

Жыл көлемінде жүргізушілер бір емес, он рет жұмысқа шықпай қойған.

ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов және шаһар әкімдігінің өкілдері жұмысшылармен кездесіп, келіссөз жүргізді.

«Әрқайсыңыздың қолыңызда еңбек шарты бар. Осы шарттарға сәйкес, сотқа жүгінуге және тиісті шегерімдерді талап етуге құқылысыздар. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Алайда автобустардың қатынауын тоқтату дұрыс шешім емес. Қала тұрғындарының кінәсі неде? Бұл үшін неге халық зардап шегуі тиіс?», - деді Бақытжан Байахметов.

Бұл ретте ол аударымдарды өндіріп алу үшін еңбек ұжымы «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңын бұзғаны үшін кәсіпорынды сотқа беру қажеттігін атап өтті.

Осыған сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарының аударылмаған сомасын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алатынын немесе мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептей отырып, жұмыскерлердің пайдасына аударылатынын мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар