Семейде заманауи робототехника орталығы ашылды

Фото:
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында заманауи робототехника орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Семейде робототехника орталығы ашылды. Заманауи орталықтың салтанатты ашылуына аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев, демеушілік көрсеткен «Сәби» қорының негізін қалаушылар Әсел Тасмағамбетова мен Кеңес Рақышев қатысты.

Робототехника орталығы «Activepanel AP75» сенсорлық моноблогымен, радиобасқарылатын үлгілерді жасауға арналған робототехникалық жинақпен, модельдерді құюға арналған «CREATOR Pro» 3Д принтерімен, роботтардың футбол ойнауына арналған алаңдармен және инфроқызыл доптармен жабдықталған. Әкім балаларды жаңа технологияларға тартудың маңыздылығын атап өтті.

«Осындай цифрлық орталықтың ашылуы облыс балалары үшін өте маңызды. Өйткені робототехника – болашақта мүмкіндігі зор бағыттардың бірі. Біз кәсіпкерлермен балаларға жаңа білім алуға және өз әлеуетін іске асыруға көмектесетін барлық жобалар бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Орталықтың жалпы ауданы - 75 шаршы метр. Жобаның құны 26,3 миллион теңгені құрады. Робототехникаға барлық қалаған оқушылар тегін бара алады.


Соңғы жаңалықтар