Семейде ұзақ жылдар күтім көрмеген жерасты жолдары жөнделеді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде ұзақ жылдар күтім көрмеген жерасты өтпе жолдары жөнделеді. Өткен жылы бұл мақсатта қалалық бюджеттен 25 млн теңге бөлінсе, биылғы жылы 21 млн 800 мың теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы қала бойынша 8 жерасты өтпелі бар. Алайда барлығы ұзақ жылдар жөндеуден өтпеген. 2018 жылы қалалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, Қайым Мұхамедханов, Қабанбай батыр көшелеріндегі жерасты өтпе жолдары жөндеуден өтті.

Жауын-шашын мен қардан қорғау үшін төбесі шатырмен жабылды. Жарық шамдары тартылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға пандус орнатылды. Қабырғалары жаңартылып, жерге плиталар төселді. Жалпы жөндеуге 25 млн. теңге жұмсалған. Бұл жұмыстар биылғы жылы тағы 2 жерасты жолдарында жүргізіледі.

«Жөндеу жұмыстарымен «Семей» абаттандыру және көгалдандыру мекемесі айналысады. Биыл Шәкәрім даңғылындағы және қаланың сол жағалауындағы «Океан» базары маңындағы жерасты өтпе жолы жөнделеді. Жұмыстар жазда басталады. Бұл мақсатқа шамамен 21 млн 800 мыңге қарастырылып отыр», - деді Семей қаласының автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Ерлан Уәлиев.

Соңғы жаңалықтар