Семейде Ұлттық ұлан офицері суға батып бара жатқан адамды құтқарып алды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде ҚР Ұлттық ұлан лейтенанты құтқарушылар келгенше суға кете жаздаған адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқыс оқиға бүгін Ертіс өзенінде тіркелген. Қызмет бабында жүрген кезінде рота командирінің орынбасары Айбек Исаев көмекке шақырған адамның дауысын естіп қалады. Офицер өзенде егде адамның суға батып бара жатқанын көреді. Кейін анықталғанындай, 1937 жылғы қарт балықшы мұздың қалыңдығын ескермей, оқыс жағдайға тап болған екен.

«Көмекке мұқтаж адамды көргеннен кейін мен ойланбастан суға қарай жүгірдім. Бушлатымды шешіп, мұз үстінде барынша қашықтықты сақтауға тырыстым. Алайда ер адамға жақындау әсте мүмкін болмады. Сәл шалыс бассам өзіме де қауіп төнер еді», - дейді Айбек Исаев.

№5511 әскери бөлімінің лейтенанты зардап шеккен адамға ұсынылған тақтаға жақындап, мықтап ұстау керектігін түсіндіреді. Қарт адам берген кеңесті екі етпей орындаған соң әскери қызметші оны жағаға алып шыққан. Лейтенант Исаев осыдан кейін құтқарушыларды шақырған.

Балықшы да, әскери қызметші де медициналық көмекке мұқтаж болмапты. ТЖД-дан хабарлағандай, өткен аптада да осындай жағдайдың тіркелгенін ескертеді. Балықшылар өзінің әуесқойлығымен өміріне қауіп төндіріп жатқанын ескере бермейді.

Соңғы жаңалықтар