Семейде «Түнгі сот» жұмысын бастады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында «Түнгі сот» жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түнгі сот» пилоттық жобасы кешкісін болатын әкімшілік құқық бұзушылықтарды қарайды. Атап айтқанда көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережесін бұзуы және жүргізушілердің мас күйінде рөлге отыруы сияқты істерді қарастырады. Түнгі сот жұмысы уақыт үнемдеп, қалыптасқан мәселенің жылдам шешілуіне ықпал етеді. Сондай-ақ істерді қарау мерзімін 100-ден 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік бермек.

Іс қаралмас бұрын, тараптар оқиғаға байланысты сауалнама толтырады. Егерде тараптар сот жұмысын кейінге қалдыруды сұраса, судья істі жалпы тәртіпте қарау үшін кейінге қалдырады.

«Жоғарғы соттың аталмыш пилоттық жобасының мақсаты - азаматтар үшін қолайлы уақытта әкімшілік іс жүргізу құқығын қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі уақытта бұл жоба Астана, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Ақтөбе облыстарында және басқа да бірқатар облыстарда толықтай жұмыс істеп жатыр. Енді Семейге де жетті. Бұл тұрғындар үшін тиімді болады деп сенеміз»,-деді Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрайымы Айтжамал Молдағожина.

Түнгі соттың жұмыс уақыты 18.30-дан 22.00-ге дейін жалғасады. Егер жоба сәтті жүзеге асып жатса, алдағы уақытта отбасы-тұрмыстық істерді де қарайтын болады.

Соңғы жаңалықтар