Семейде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында көрмелер ашылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында көрмелер ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ф.М.Достоевский атындағы музейде павлодарлық суретші В.Поликарповтың «Родительница степь» атты көрмесі өтті. Экспозицияға суретшінің оннан астам туындылары қойылған. Патриотизмге толы әр туынды даланың сұлулығын бейнелейді.

«Биыл біз үшін айтулы жыл болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығын және ұлы орыс жазушысы Федор Достоевскийдің туғанына 200 жыл толуын атап өтудеміз. Сондай-ақ 7 мамырда Семейдегі Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалды музейінің құрылғанына 50 жыл толған», - деді музейдің экспозияциялық-көрме жұмыстары секторының меңгерушісі Владимира Соловьева.

Бұдан бөлек, Невзоровтар отбасы атындағы музейде тағы бір көрме өтті. Бұл жерде келушілердің назарына 40 автордың өнер туындылары қойылған. Оның ішінде пейзаждар, портреттер, натюрморттар, иллюстрациялар, тарихи-тақырыптық композициялар бар. Жиналған жұрт кескіндеме, графика, мүсін және инсталляция өнерлерін тамашалады.

«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында келушілерге жергілікті суретшілердің жұмыстарын ұсындық. Тәуелсіздік күні – барша халқымыздың ортақ мерекесі. Жерлестерімізді осы айтулы күнмен құттықтаймын», - деді музей директоры Татьяна Стромская.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік - ел бақыты» атты көрме ұйымдастырылды. Көрменің ашылуына қала әкімі Бақытжан Байахметов қатысып, жиналғандарды келе жатқан жалпыұлттық мерекемен құттықтады. Көрмеге музей тарихын, тәуелсіздік жылдарында не өзгергенін бейнелейтін экспонаттар қойылды.

Көрмеден бөлек музейде «Мәңгілік ел тұғыры – Тәуелсіздік!» атты мерекелік шара өтті. Шара барысында бірқатар музей қызметкері құрмет грамотасымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар