Семейде тауарлы-сүт фермасы ашылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде тауарлы-сүт фермасы ашылды. Енді ферма жылына 9 мың тонна сүт өндіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақтағы сүт өнімдері көлемін арттыру мақсатында Семей іргесінде Мұрат кентінде тауарлы-сүт фермасы ашылды. Серіктестік басшысы Қайырхан Шәкәрімовтың айтуынша, заманауи үлгіде салынған фермаға автоматтандырылған қондырғылар орнатылған. Мұнда тәулігіне 100 бас сиырды сауу мүмкіндігі бар. Ал ферманы қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен Новосібірдегі серіктестер. 

Өңірдегі сүт өндірісін жолға қоюды мақсат еткен «Нұр» шаруақожалығының басшылығы 2017 жылы 200 бас үшін сүт фермасын қайта құру жобасы әзірлеген. Оны жүзеге асыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 170 млн. теңге жеңілдетілген несие алды. Бұл қаражатқа Ресейден симментал тұқымды 100 бас сиыр мен сауатын және суаратын автоматты жабдықтар сатып алынған.

«Біз Қазақстанмен бірлескен жұмыстарды 4 жыл бұрын бастағанбыз. Бұған дейін Зырян және Үржар ауданында салынған сүт фермаларына қажетті қондырғыларды орнаттық. Сүттің 70 пайызы судан тұрады. Ал орнатылған заманауи қондырғылар сүттің майлылығын сақтап қалуға мүмкіндік береді»,-деді Новосібірдегі жабдықтарды жеткізуші серіктес Даниил Семенов.

Ферма басшылығы 2019 жылы мал санын 200-ге жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ, ферманың екінші шаруашылық ғимараты пайдалануға беріледі. Осылайша жылына 9 мың тонна сүт өндіруді жоспарлауда. Сонымен қатар жобада сүттің өңделуі қарастырылған. Бүгінде сүтті қайта өңдеу цехі жабдықталды. Қазан айынан бастап 0, 5 л және 1 л. қаптамадағы айран, қаймақ, ірімшік және басқа да сүт өнімдері жасалып, «Нұр» ШҚ деген атпен саудаға шығарылады.

Соңғы жаңалықтар