Семейде суға батып бара жатқан адамды құтқарған екі жігіт марапатталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында адам жанын ажалдан арашалап қалған екі жігіт ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығы бойынша Алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 27 сәуірде Әбілмансұр Төлеуғали мен Мерей Мәуітбеков бұрынғы Понтон көпірі аумағында суға құлап кеткен ер адамға көмекке ұмтылған.

Ағынмен келе жатқан адамды көрген екеуі жағалау бойымен жүгірді. Содан кейін Әбілмансұр суға секіріп, ер адамды алып шықты. Ал Мерей болса жедел жәрдем қызметкерлері келгенге дейін ес-түссіз жатқан зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.

Бейбіт күннің батырларын бүгін облыстық ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Нұрпейісов марапаттады. Жігіттер өздерінің орындарында басқа біреу болса да солай әрекет ететіндігін айтты.

«Сол бір сын сағатта ойлануға уақыт та болмады. Лезде көмек көрсетуге тырыстық. Бірақ өзен ағысы күшті екен. Шынымды айтсам, барлығы кинодағыдай болды. Суға құлаған кісінің аман қалғанына қуаныштымыз. Алғашқы көмек көрсету дағдыларын өмірімде бірінші рет қолдандым», - деді Мерей.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейде суға батып бара жатқан адам құтқарылғандығын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар