Семейде су тасқынынан зардап шеккендерге 70 млн теңге бөлінеді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Семейге ШҚО әкімі Даниал Ахметов сапармен келіп, су астында қалған үйлердің жағдайымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Семейге сапармен келген облыс әкімі алдымен Мирный кентіндегі Загародная тұрғындарымен кездесті. Қазір кентте тәулік бойы үйлерден су айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кентте бірнеше жылдан бері тұрып жатқан Серғазы Төлегентаев «қауіп төніп тұрғаннан хабарсыз болдық» деп отыр. Баспанасының іргетасы сөгіліп, қабырғасы құлағалы тұрғанын айтқан Серғазы қазір әйелі, екі баласымен интернатты паналауда.

«Үйімнің есігін қағып су келуі мүмкін деп қана айтты. Су келгенде қаштық. Есігімізді де жауып үлгермедік. Ағатын нәрсенің барлығы ағып кетті. 20 жыл ішінде арнадан су шығып көрген емес. Үйімізге кіре алмай жатырмыз. Жоғары жақтағы басшылар шешетін шығар. Үйіміз тұруға жарамай қалды. Ішіндегі дүниесі ақты. Үйдің іргетасы мен қабырғалары жарылып кетті. Қазір интернатта тұрып жатырмыз. Мәселеміз шешіледі деп сенеміз», - дейді қала тұрғыны.

Аймақ басшысы кент тұрғындарын сабырлыққа шақырып, барлық шығынның өтелетінін жеткізді. Бұл мақсатта бюджеттен 70 млн теңге қаржы бөлінбек.

«Бүгінгі күні арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Шығын көлемін анықтайды. Біз өтеп береміз. Қажетті шаралар қолданылады», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы су тасқынының орын алуына себепкер болған жандардың жауапқа тартылып жатқанын айтты. Айта кетсек, Ертіс өзенінің тасуына Шүльбі ГЭС-інде су қорының нормадан артық жиналуы себеп болған. Яғни, секундына жіберілуі тиіс 500 текше метр судың мөлшерін 1 800-ге дейін арттырған.

«Осы кемшілікті істеген адамдарды білеміз. Осы мәселемен прокуратура айналысып жатыр. Мен күн осы басшыларды шақырып айтқам, байқаңдар деп. Сонда олар объективті ақпарат берген жоқ. Бірақта қазір жағдай анық болды», - деді Даниал Ахметов.

Ал су ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев судың жіберіліп жатқаны туралы алдын ала ескерту жасалды деп отыр.

«Егер суды осылай тастамағанда онда біз Шүлбіден айырылып қалар едік. ол кезде Семейді, Павлодарды да су басар еді. Қоймадан су асып кету қаупі төнгенен кейін мәжбір болды. Мұз кептелісіне байланысты жағаға шықты. Егер жарыстар жасалмай су мұздың үстімен кеткенде жағдай өте қиын болар еді. Қауіп туралы 25 наурыз күні ескертілген. Олардың да кінәсі емес енді мынандай су кезінде қиыншылықтар болады», - деді Ислам Әбішев.

Аймақ басшысы сонымен қатар жоспарсыз жүргізілген мұзды жару жұмыстары үшін тұрғындардан кешірім сұрады. Себебі, су тасқыны қауіп төндірген соң Ерістегі кептеліп қалған сеңді жару жұмыстары жүргізілді. Салдарынан өзен маңында орналасқан 80 пәтер терезелерінен айырылды.

Алдағы уақытта су тасқының алдын алу үшін өзен жағасын бекіту жұмыстары жүргізіледі. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Сонда өзен көтерілген уақыта Түйемойнақ аралы ауданы, Пристань, Бобровка, Мирный кенттеріне төнер қауіп сейіледі.

Сонымен қатар облыс әкімі жергілікті билікке үйлеріне оралған тұрғындарды тегін отын, азық-түлік, киім кешекпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Бастапқы болжам бойынша Шығыс Қазақстан облысына су тасқыны салдарынан келген шығын көлемі 2 млрд 205 млн теңгені құраған. Бірақ Семей қаласы мен Зырян ауданының шығын көлемі кірмеген. 

Еске сала кетсек, 28 наурыз күні Ертістегі су деңгейі күрт көтеріліп, қаланың сол жағалауындағы Бобровка саяжайы мен оң жағалаудағы Затон, Мирный кенттеріндегі Лодочная, Краевая, Загародная көшелері су астында қалған болатын.

Ал тұрғындар жаппай қауіпсіз жерге көшіріліп, қалада төтенше жағдай жарияланды.

Соңғы жаңалықтар