Семейде су тасқынынан зардап шеккен кей отбасылар өтемақысыз қалуы мүмкін

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде баспанасын су басқан тұрғындардың біразы өтемақы алмауы мүмкін. Бұл туралы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов тұрғындармен кездесу барысында айтты. Себебі, олар әлі күнге дейін қажетті құжаттарды жинап, өткізбеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Су тасқынынан бүлінген Пристань, Мирный кенттеріндегі үйлер республикалық бюджет есебінен қалпына келтіріліп жатыр. Бірақ кей тұрғындар әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттарды өткізбеген. Тұрғындармен кездескен қала әкімі Ермак Сәлімов олардың өтемақысыз қалатынын ескертті.  Ал тұрғындар болса  құжаттарды рәсімдеуге ақшасының жоқтығын, тағы бірі құжат жинау керектігінен білмегенін айтып түсіндіруде. 

 «Сіздердің араларыңызда үйін жөндеу үшін өтемақы алмайтын отбасылар бар. Немесе үйді қалпына келтіру кезінде үлкен мәселелер туындауы мүмкін. Ол кезде біз сіздерге мүлдем көмектесе алмаймыз. Сіздер «әлі уақытымыз бар, үйімізді жөндеп береді» деп ойлап жүрген шығарсыздар. Бірақ уақытылы қажетті құжаттарды дайындауға тиіссіздер. Құжаттарды жинау керек екенін сәуірден бастап айтып келеміз», - деді қала әкімі.

Белгіленген алгоритм бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын заңды тұлғалар ғана жүргізе алады. Яғни су тасқынынан зардап шеккендерге төленетін өтемақы қолына берілмейді. Бірақ кей тұрғындар әлі күнге дейін өтемақыны өздеріне беруді талап етуде. Айтуларынша қажетті жөндеуді өздері жүргізеді.

  «Кей тұрғындар үйдің техникалық құжатын күтіп отырмыз дейді. Бірақ бұл құжат 2 сағаттың ішінде дайын болады. Тағы біреулері 5 жыл бойы үйді өз атына рәсімдемегенін айтады. Бұл тұрғындардың өтемақыны қолына алу үшін айтып отырған сылтауы деп түсінемін. Бірақ өтемақы қолға берілмейді. Барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мердігер мекеме жасайды. Қаражат соларға төленеді»,-деді Ермак Сәлімов. 

Су тасқынынан Пристань және Мирный кенттерінде барлығы 204 үй бүлінді.  Бүгінгі күні 100-ден аса үй жөнделіп, тұрғындар баспаналарына  оралған.  Жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер мекемелер маусым айында бөлінген қаражаттың 100 млн теңгесін игерген. Тағы 100 млн теңге шілде айында, 57 млн теңге  тамыз айында жұмсалады деп жоспарлануда. Ал 1 қыркүйекке дейін  бөлінген барлық қаражат игерілуі тиіс. Содан кейін атқарылған жұмыстардың актісі Астанаға жіберіледі. Кейін арнайы құрылған комиссия жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын  бағалайтын болады.

 

 

Соңғы жаңалықтар