Семейде сөзді керісінше айтатын 8 жасар қыз бала тұрады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде сөздерді керісінше айтатын ерекше қыз тұрады. 8 жасар Аделия Абылқасымова кез келген сөзді, сөйлемді сол сәтте керісінше айтып бере алатын қабілетке ие, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аделия Семейдегі №28 мектептің оқушысы. 3-сыныпқа аяқ басатын оның бойындағы ерекше қабілет көпшілікті таңғалдырады. Себебі, ол кез келген сөзді, бүтін бір сөйлемді мүдірместен сол мезетте кері айтып бере алады. Бастапқыда оқушының бойындағы ерекше қабілетке ұстаздары мен сыныптастары, достары күдікпен қараған. Кейін түрлі сөздер мен сөйлемдерді айтып сынағаннан кейін көздері жеткен екен.

Бұл қасиет оның бойында бала кезінен бар. Анасы Алтынайдың сөзінше, қызының бойындағы  айрықша дарынды білсе де, еш әрекет жасамаған. Бірақ соңғы бір жылда жетілдіру мақсатында күнделікті түрлі жаттығулар жасауды қолға алыпты.

«Кез келген адам сөздерді керісінше бірден айтып бере алмайды. Бастапқыда біздің айтқан сөздерді, кейін қысқа сөйлемдерімізді керісінше айтып жүрді. Бірақ бұл әрекетін ойынға санап, аса мән бермедік. Кейіннен сөзімізді керісінше дұрыс айтатынын байқадық. Қазір күнделікті оңай сөз, сөйлемнен бастап күрделі сөйлемдерге дейін айтып, жетілдіру мақсатында түрлі жаттығулар жасаймыз», - дейді анасы.

null

Аделия бос уақытында сурет салғанды, қызықты кітап оқығанды ұнатады. Өзінің бойындағы ерекше қасиетті жетілдіріп, бойжеткенде Қазақстандағы Гиннесстің рекордтар кітабына енгісі келетін арманы барын жеткізді. Ал «Болашақта кім болғың келеді?» деген сұрағымызға ол: «Адам анатомиясын зерттейтін ғалым болғым келеді», - деп жауап берді. 

«Маған барлық пәндер ұнайды. Бірінші сынаптан бастап үздік оқушымын. Ал өскенде адам анатомиясын зерттейтін ғалым болғым келеді. Осы сала маған өте қызықты. Және анаммен, апайыммен күнделікті жаттығу жасаймыз. Олар маған сөздер, сөйлемдер айтады. Мен керісінше айтып беремін. Кей кезде ұзақ күрделі сөйлемдерді көз алдыма елестетіп алып айтамын. Сондықтан қазір  мүдірместен айтуға үйреніп жүрмін», - дейді Аделия.

Кішкентайынан алғыр қыз терісінен оқу еш қиындық тудырмайтынын айтады. Қазір  тіпті көпшілігі қызығушылық танытып, сөздерін керісінше айтып беруді ұсынатын көрінеді. Ешкімнің сөзін тастамайтын қыз терісінен оқудан өзінің де көңілі көтеріліп қалатын айтады. 

Соңғы жаңалықтар