Семейде шала туған нәрестелерге арнайы күтім жасайтын бөлімше ашылды
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейдегі перинаталдық орталық базасында 3 жасқа дейінгі сәбилерге арналған бөлімше ашылды. Мұнда жыл сайын 600-ге жуық бала жоғары білікті медициналық көмек алады. Бөлімде 50 төсек-орын бар.
«Катамнез бөлімшесінде салмағы 2000 грамға дейінгі, бронх-өкпе дисплазиясымен, емдік гипотермиядан кейінгі, асфиксиямен ауырған, туа біткен жарақаты немесе ақаулары бар нәрестелерге күтім жасалады. Дәрігерлер шала туған сәбилерді қарап қана қоймай, ата-аналарға балаларына одан әрі күтім жасай алу үшін оңалту шараларын үйретеді», - делінген ақпаратта.
Перинаталдық орталықтағы жаңа бөлімше бала денсаулығын бақылауды қамтамасыз етіп, мүгедектікті азайтуға сеп болмақ.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың өзінде Семейде 604 нәресте шала туған.