Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған конференция өтті

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат -  «Абай елі - руханият меккесі». Семейде осындай тақырыпта Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға Абай ауданының әкімі бастаған жиырмаға жуық делегат, бір кездері Абай ауданының экономикасы мен мәдениетінің гүлденуіне өз еңбегін сіңірген, киелі мекенде әр жылдары қызмет еткен азаматтар, қаладағы бірқатар оқу орындарының басшылары қатысты. Сондай-ақ, Балқаш, Павлодар, Астана қалаларынан Шәкәрім ұрпақтары арнайы келді.

Конференцияда сөз алған Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров  Шәкәрімнің 160 жылдығына орай ауданда атқарылған бірқатар шараларға тоқталды. Айтуынша, биыл дәстүрлі түрде өтетін көркемөнерпаздар байқауы ақынның мерейтойымен орайластырылып, оған мың жарымнан астам адам қатысқан екен. Сонымен қатар Қарауыл ауылындағы Шәкәрім алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылған.  Биыл алғаш рет аймақтың түрлі этнос жастары арасында «Шәкәрім оқулары» байқауын Абай елінде өткізу жоспарланыпты. Тағы бір айта кетер маңызды мәселе, осы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ұлылар мекеніне баратын жол құрылысына 2 млрд 487 млн теңге бөлініп, 28,8 шақырым жөндеуден өткізілмек. 

«Аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен той қарсаңында Өскемен қаласынан бір көше беру жөнінде бастама көтерілген-ді. Ұсыныс облыс басшылығының, мәслихат депутаттарының қолдауына ие болып, Өскемендегі бұрынғы Ворошилов көшесі Шәкәрім даңғылы болып өзгертілді. Әр зейінді азамат рухани күш-жігермен ұлы данышпандарымызды ұлықтауға атсалысатын болса, жан дүниесі тазарып, көңілі өсетіндігіне сенеміз. Ұлыларға қызмет - халыққа қызметпен тең»,-деді  Ж.Байсабыров.  

Сонымен қатар жиында Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақтарының бірі - Құралай Уақбаева сөз алды. Республикалық конференцияға ол Павлодар қаласынан келген екен.  

«Анам ешқандай туысын көре алмай, дүниеден өтті. Әлі есімде, ол кезде, 1961 жылы 8-сыныпта оқимын, Ахат нағашым анамды іздеп келіпті. Екеуі бір сағаттай сөйлесті. Ауылдан кетерінде: «Әзірге тіс жармаңдар, кейін үлкейтіп алыңдар» деп Шәкәрім атамның суретін беріп, атамның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әні мен өзінің шығарған өлеңін айтып, үйретіп кеткен болатын. Қазір Ахат нағашым аманат етіп кеткен суреті төрімізде ілініп тұр, әндерін де айтып жүреміз»,-дейді Құралай Уақбаева.

Биыл ақынның 160 жылдығы қарсаңында Павлодар қаласының орта білім беретін мектептерінің бірінде «Шәкәрімтану» орталығының ашылғанын қуанышпен жеткізді Құралай Уақбаева. Орталықта Шәкәрімнің еңбектері қойылған, Семейден арнайы журналдар да әкелінген екен.  

- Өткен жылдың ақпан айында орталық ашудың алғашқы жұмыстарын қолға алған едік. Бір жыл көлемінде қажетті құжаттар мен материалдарды жинадық. Семейдегі Шәкәрім атындағы университет пен Жидебайдағы Абай мұражайында болып, көптеген деректер мен кітаптарды алып келдім. Өскелең ұрпақты ұлағатты етіп тәрбиелеуге, даналар сөзін бойларына сіңіруге бұл орталықтың бір пайдасы тиеді деп сенемін,-дейді Шәкәрім Құдайбердіұлының  ұрпағы.

null

Соңғы жаңалықтар