Семейде салмағы 1 тоннаға жуық көліктерді көтеретін азамат тұрады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейлік Закир Найманбаевты көпшілігі әлеуметтік желі арқылы жақсы таниды. Нақтырақ айтқанда 24 жастағы пауэрлифтер   250 келі зіл темірден бастап салмағы 1 тонна болатын көліктерді көтеріп жүрген азамат, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Закир 1994 жылы 18 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. 11 жасында алғаш рет әкесі шымыр денелі азамат болып өссін деп жаттықтыру залына әкелген екен. Содан бері спорттан қол үзген емес. Ал пауэрлифтингпен кәсіби түрде айналысуды 16 жасында бастаған.

«Алғаш рет 16 жасымда қалалық чемпионатта бақ сынадым.  Жарысқа менімен шамалас жүздеген пауэрлифтер жиналды. Бірақ қарсыластарымнан басым түсіп, екінші орын алдым. Шалқалап жатып жалпы салмағы 225 келі болатын зіл темірді көтердім»,-дейді Закир. 

Алғашқы жеңісі Закирдің пауэрлифтинг спортына деген қызығушылығын одан сайын арттырған.  17 жасында Қазақстан чемпионатына қатысып, 175 келіні көтеріп, екінші  орынға ие болса, 2012 жылғы Азия чемпионатында бақ сынап, тағы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ал 2015 жылы Әлем чемпионатында 225 келіні көтеріп, 2-ші орын алды.  Бүгінгі күні ол шалқалап жатып 250 келіні көтерететін Қазақстандағы  рекордшының бірі.

«Алға қойған мақсатым көп негізі. Солардың бірі бозкілемде белдесу. Яғни, қазір қазақ күресін қолға алдым. Алдағы уақытта осы спорт түрінен жарыстарға қатысқым келеді. Күнімнің тең жартысы жаттығу залында өтеді»,-деді спортшы.
null

Сонымен қатар Закир соңғы кездері салмағы 1 тонна болатын автокөліктерді көтеріп, танылып жүргендердің бірі. Спортшы автомобильді көтеруді көптен армандағанын айтады. Ол үшін ауыр салмақты көтеру қалыпты жағдай болғанмен көлікті көтеруге келгенде іштей біраз уақыт дайындалғанын жеткізді.

«Ауыр салмақты штангілерді көтеріп жүргендіктен күшімді көрсететін одан да ауыр салмақты көтеруге тырысудың уақыты келді деп шештім. Сондықтан соңғы кезде түрлі көліктерді көтеріп жүрмін. Бұл да маған алға ұмтылуға күш-жігер береді десем болады. Және бұл жастардың қызығушылығын арттыруда. Оларға қолымнан келгенше ақыл-кеңес беріп, өз білгенімді айтып жүремін».

null

Сонымен қатар Закир қара күшін түрлі әдістермен дәлелдеп жүр. Мысалы, ол бір қолымен салмағы 80 келі азаматты және 16 келілік гір тасын, екінші қолымен екінші 16 келілік гір тасын бір мезетте көтереді.

Жас спортшының мақсаты - елімізде пауэрлифтинг спортының дамуына үлес қосып, өзіндік қолтаңбасын қалдыру. 

Соңғы жаңалықтар