Семейде ресурстық сынып ашылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде аутизмге шалдыққан балаларға  арналған ресурстық сынып ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған псиxологиялық-педагагикалық түзету кабинеттері әлі күнге дейін тапшы. 2015 жылы алғаш рет  қалада №4 мектеп ішінен аутизмге шалдыққан балаларға арналған сынып пен  № № 20 және 42 мектепте психикалық тұрғыда  артта қалған балалармен жұмыс жасайтын түзету кабинеті ашылған болатын. Бүгінде 40-тан аса бала білім алуда. 

Ал бүгін тұсауы кесілген ресурстық орталық  «Особенный мир» қоғамдық қорының демеуімен ашылды. Енді мұнда аутизмге шалдыққан балалар тәрбиеленеді.

«Қалада мұндай ресурстық сыныптар болған жоқ. Негізі  аутизмге шалдыққан балалар үшін бұл сынып өте маңызды. Мақсат - ерекше балаларды жалпы білім беру үдерісіне толықтай енгізу және әлеуметтік бейімделу барысында кездесетін кедергілерді жою. Әр баламен психолог, педагог, логопед, дефектолог маман жұмыс жасайды», - деді «Особенный мир» қоғамдық қорының атқарушы директоры  Арайлым Әлімжанова.

Қор өкілдері сыныпқа қажетті құрал- жабдықтар сатып алу үшін демеушілер іздегенін айтады. Ал көмек қолын созуға  семейлік азамат Азат Сембаев өтініш білдірген. Бүгінде ол АҚШ-та білім алып жатқан жастардың бірі. Азат 29-шы шілде күні аутизмге шалдыққан семейлік балаларды қолдау мақсатында Сан-Францискода өткен дәстүрлі марафонға қатысып, 42 шақырымды жүгіріп өткен. Содан кейін есепшот ашып, қаржы жинауды қолға алған. Түскен  2 мың долларды қордың шотына аударған.

«Жиналған қаржы сыныпқа қажетті дүниенің барлығын сатып алуға жетті. Сыныпқа қажетті жабдықтар алу үшін  1,5 мың доллары жұмсалды», - дейді Арайлым Әлімжанова.

Бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесін көруге Азат ашылу салтанатына арнайы келді. Ол игі істің бастамасы әлі жалғасатынына сенім білдірді.

Ресурстық сынып 4 аумақтан тұрады. Қазіргі заманға сай жабдықталған кабинетте балалар үшін барлық жағдай жасалған.

 

 

null 

Соңғы жаңалықтар