Семейде пойыз қағып кеткен қыз аман қалды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде жүк пойызы қағып кеткен қыз құлаққапта болған. Бұл туралы Семей стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиға 13 сәуір күні сағат 22.30-да қала орталығында болды.

Семей стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің инспекторы Алтын Қасенованың айтуынша, 21 жастағы бойжеткен екі құрбысымен бірге дүкеннен шығып, теміржолды кесіп өтпекші болған. Бірақ қыздар ұялы телефон арқылы хат жазысып, музыка тыңдаған күйі жақын жерде пойыз келе жатқанын мүлде аңғармаған. Болат жолдарға тым жақын болған олардың бірін пойыз қағып кеткен. Қазір облыстық ауруханада ем қабылдап жатқан бойжеткеннің жағдайы "орташа ауыр" деп бағалануда. Қыздардың барлығы қаладағы Шәкәрім университетінің студенттері.

«Қазір ол дәрігерлердің қарауында. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыздардың барлығында құлаққап болған. Сондықтан пойыздың дауысын да, келе жатқанын да елемеген. Пойыз жолынан өткен уақытта қауіпсіздік ережелерін көпшілік сақтамайды. Салдарынан осындай оқыс оқиғалар тіркеледі. Мысалы былтыр қалада 10 адамды пойыз қақты. Оның 4-еуі көз жұмды. Барлық тұрғындарды теміржолдан өткенде абай болуға шақырамыз», - деді Алтын Қасенова.

Соңғы жаңалықтар