Семейде пәтерден құндыз тон ұрлаушы ұсталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейлік полицейлер пәтер ұрлығымен айналысқан әккі ұрыны қолға түсірді. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

17 маусым күні сағат 11:05-те Әуезов полиция бөлімшесіне  қала тұрғынынан пәтерінің тоналғаны туралы хабар түскен. Айтуынша, 14-17 маусым аралығында белгісіз біреу пәтеріне ұрлыққа түсіп, құндыз тон мен кеудешесін, видеотехника, асүй керек-жарақтарын қолды еткен. Келген шығын көлемі 595 000 мың теңге.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері  тексеру жұмыстарын жүргізіп, ұрының  үйдің есігін кілт арқылы ашып кіргенін анықтады.

Дереу іздестіру шараларына кіріскен полицейлер ұрыны көп ұзамай қолға түсірді. Ол 28 жастағы қала тұрғыны болып шықты.  Бұған дейін де ұрлық және алаяқтық әрекеттері үшін айыпталған. 

«Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта оған қатысты алдын ала тергеу жүргізілуде. Тәркіленген құнды заттар иесіне қайтарылды»,-  делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Соңғы жаңалықтар