Семейде пәтерде қамалып қалған 2 бала құтқарылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде пәтерге қамалып қалған қос бүлдіршін  құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Оқиғаның бірі Физкультурная көшесіндегі 9 қабатты тұрғынүйдің 6-қабатында тіркелді. Анасы дәлізге қоқысты шығаруға кеткен уақытта үйдегі 3 жасар бүлдіршін есікті іштен жауып алған. Баланың анасы құтқарушылардан көмек сұраған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар пәтердің құлпын сындырып, үйге кірген.

Ал екінші оқиға Бөгембайұлы көшесіндегі көпқатты тұрғынүйде тіркелді. 2 жастағы сәби анасының сыртқа шыққанын көріп, іштен іліп алған. Есікті ашу үшін құтқарушылар 9 қабатқа дейін арқанмен өрмелеп, ішке пәтердің балконынан кірген. Абырой болғанда қос бүлдіршін де аман.

«Пәтер ішінде қамалып қалған балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгендіктен, аналары  құтқарушылардан көмек сұрады. Құтқару жұмыстары кезінде балалардың анасымен қалай әрекет жасау керектігі талқыланды. Әртүрлі жағдай орын алады. Кей кезде құлыпты сындыруға тура келеді. Алғашқы оқиғада біз есікті сындыру арқылы ішке ендік», - деді мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға құтқарушысы Медет Кәрімжанов.

Құтқарушылар ата-аналарға және барлық қала тұрғындарына балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау керектігін ескертеді. Жыл басынан бері облыста пәтерде қамалып қалу бойынша  43 оқиға тіркелген. Нәтижесінде 55 адам құтқарылған. Оның ішінде балалар да бар. 

Соңғы жаңалықтар