Семейде өзін емші ретінде таныстырған алаяқ зейнеткердің гауһар тасты әшекейлерін иемденді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының полиция қызметкерлері өзін емші ретінде таныстырып, зейнеткерді алдап соққан алаяқты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шілде айының соңында полиция бөлімшесіне хабарласқан 66 жастағы қала тұрғыны алаяқтың тұзағына түскенін айтқан. Оны жасы 50-лер шамасындағы әйел пәле-жала мен көз тиюден аластаймын деп алдап, 3 мың АҚШ долларын, 40 мың теңгесін және гауһар тасты әшекей бұйымдарын иемденіп кеткен. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынның жалпы мөлшері 2 млн теңгені құрады.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. 48 жастағы Алматы қаласының тұрғыны өз кінәсін мойындап отыр. Айғақты заттар тәркіленген. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.


Соңғы жаңалықтар