Семейде осы жылы 62 көшенің жолы жөнделеді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Биыл Семей қаласында 62 көшеге орташа жөндеу жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің мәліметіне сүйенсек, шаһар басшысы Бақытжан Байахметов Пархоменко көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын тексеріп қайтты.

«Бұл жолды жөндеудегі негізгі мақсат – күн сайын жүздеген автокөлік жүретін Қаржаубайұлы көшесіндегі кептелісті азайту. Пархоменко көшесінде жолдың нашар болуына байланысты жүргізушілер осы көшемен жүрмеуге тырысатын еді», - деді ол.

Сондай-ақ Қаржаубайұлы көшесімен қиылысатын Бегалин көшесін асфальттау жоспарланып отыр. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін осы бағытта автокөліктердің жүруі айтарлықтай жеңілдейді деп күтілуде.

Аталған учаскеден басқа, Ибраев, Мәңгілік ел, Сәтбаев, Қабылбаев көшелерінің жолы жөнделіп жатыр. Жалпы 2022 жылы ұзындығы 60 шақырымнан асатын 62 көшенің жолы орташа жөндеуден өткізілмек.

Айта кетейік, биылғы 8 маусымнан бастап орталығы Семей қаласы болатын Абай облысын құру туралы ҚР Президентінің Жарлығы күшіне енеді.


Соңғы жаңалықтар