Семейде өртенген пәтерден алты жасар бала құтқарылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде көпқабатты үйдегі өрт кезінде 6 жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 қазан күні сағат 15:40 кезінде өрт сөндіру қызметіне Первомай көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің 10-қабатындағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Белгілі болғандай, пәтер ішінде 6 жасар бала қалып қойған.

«Автобаспалдақтың көмегімен өрт сөндіруші Айдос Қабдығали 10-қабатқа көтеріліп, терезе саңылауы арқылы пәтерге кірді. Залда жиһаз, тұрмыстық заттар өртеніп жатқан. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 10 шаршы метрді құрады. Бұл кезде бала жатын бөлмедегі терезенің жанында болған. Бүлдіршін бірден эвакуацияланып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы уақытта подъезден 20 ересек адам мен 7 бала шығарылған. Жарты сағат ішінде өрт сөндірушілер қызыл жалынды ауыздықтады.

Жалынды өшіруге жеке құрамнан 25 адам мен 5 автоцистерна жұмылдырылған.


Соңғы жаңалықтар