Семейде өрт шалған жатақханадан 150-ден астам адам сыртқа шығып үлгерді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында өрт шалған жатақханадан 150-ден астам адам сыртқа шығып үлгерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 8 қазан күні таңертең Шугаев көшесінде өрт шыққаны туралы қоңырау түскен.

Белгілі болғандай, жатақхананың 4-ші қабатындағы дәлізде тұрған диван өртенген. Жалын шарпыған аумақ 10 шаршы метрге жетті. Жоғары температурадан 10 метрдей электр сымы балқып кеткен.

«Өрт сөндірушілер үш минуттың ішінде оқиға орнына жетті. Сол сәтте 4-ші қабаттағы дәлізді көк түтін басқан. Қызыл жалынды ауыздықтау барысында 34 ересек адам мен 10 бала эвакуацияланды. 156 тұрғын жатақханадан өз бетімен сыртқа шығып үлгерді. Өртті өшіруге 28 адам мен 7 техника жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

ТЖД мәліметінше, зардап шеккен ешкім болған жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда.



Соңғы жаңалықтар