Семейде Өңірлік коммуникациялар қызметінің филиалы ашылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - «Шығыс ақпарат» медиахолдингі Семей қаласынан Өңірлік коммуникациялар қызметінің филиалын ашты. Бұл туралы ҚазАқпарат Семей ақпараттық орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпараттық орталықтың тұсаукесеріне медиахолдинг төрағасы Нұрбек Бекенов және қала әкімі Ермак Сәлімов қатысты.

Баспасөз мәслихаты барысында Н. Бекенов еліміздің рухани-мәдени орталығында коммуникациялар қызметінің ашылуы өңірдің барлық маңызды оқиғаларын жариялауға үлкен серпін беретінін жеткізді.

«Бүгінгі таңда Семей қаласында 30-ға жуық баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Қалада екі телеарна, бірнеше газет, радио жұмыс істейді. Осы жерде апта сайын жергілікті атқарушы билік пен жақын маңдағы аудандар, ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен баспасөз конференциялары өтеді. Орталықтың қызметі қала мен облыстың ақпараттық-мемлекеттік саясатын жетілдіруге бағытталатын болады. Оның ішінде, БАҚ-та тексерілмеген мәліметтердің алдын алу және олардың таралуының жолын кесу жұмыстары бар», - деді Н.Бекенов.

Нұрбек Бекенов өңірде 7 жыл бойы ШҚО Ақпараттық орталығы жұмыс істейтінін айтты. Интернет-ресурстарда шектеусіз көлемде ресми және шынайы ақпаратты орналастыру, оның әртүрлі сайттарда шығуын қадағалау - орталық жұмысының басты мақсаты.

Жиында Ермак Сәлімов журналистерге қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

«Мен барлықтарыңызды ақпараттық орталықтың ашылуымен құттықтаймын.Тұрғындарға ақпарат жедел түрде жетуі үшін ақпараттық орталық базасында баспасөз мәслихаттары өтетін болады», - деді Семей қаласының әкімі.

Шара соңында «Шығыс ақпарат» медиахолдингі мен «Қазақстан» РТРК» АҚ Семей қаласындағы филиалы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар