Семейде өлген мал етінің сатылуына қатысты ақпарат жоққа шығарылды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат -Әлеуметтік желілерде Семейдегі базарлар мен сауда орындарында өлген малдың еті сатылып жатқаны жөнінде ақпарат тарауда. Бірақ қаланың бас ветеринары Мұратхан Задин ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

WhatsApp мессенджері арқылы «Семейде су тасқынынан кейін өлген малдың еті сатылып жатыр. Сондықтан базарлар мен сауда орындарынан ет сатып алуға тыйым салынады» деген жазба тарауда. Осыдан кейін қалалық Ветеринария бөліміне хабарласып, мән-жайды сұраған тұрғындар көбейген. Мәселенің анық-қанығын қаланың бас ветеринары Мұратхан Задин айтты.

«Ішкі сауда объектілеріне келетін барлық ауыл шаруашылығы өнімдері міндетті түрде ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтеді. Және осы объектілерге тағайындалған мамандар өнімдерді үнемі қадағалап отырады. Мерзімі өткен, ауру, өлген малдың еттері қабылданбайды. Барлығы тексеру кезінде анықталатындықтан, саудаға шығарылмайды. Ал желіні шулатқан жазба біреулердің шығарған қауесеті. Тұрғындарға уайымдауға еш негіз жоқ», - деді Мұратхан Задин.

Оның айтуынша, аймақта су тасқынынан зардап шеккен үй малы жоқ. Қалада және ауылдық округтерде ет және ет өнімдері үшін берілетін ветеринарлық анықтамалар мен құжаттар жалпы ережеге сай берілуде. Ереже бұзушылық тіркелмеген. 

Соңғы жаңалықтар