Семейде оқушылар өткізген Вена балында 800 мың теңгеге жуық қаражат жиналды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде  дəстүрлі қайырымдылық Вена балы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Игілікті шара биыл бесінші жыл ұйымдастырылып отыр. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен өткен кеш Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдық мерейтойына арналды.Жалпы Вена балына  600 -ден астам оқушы, 120 мектеп мұғалімі, 100 -ге жуық ата-ана қатысты.

Кеш барысында мектеп оқушыларының қолынан шыққан түрлі өнер туындылары аукцион арқылы саудаланды. Мектеп мұғалімі Нартай Советханұлы жүргізген аукцион келген қонақтардың қызығушылығын тудырып, бәс саудаға тігілген заттардың бастапқы бағасынан бірнеше есеге қымбат өтті.

«Мектебімізде Вена балын өткізу дәстүрге айналып келеді. Мұндағы мақсат - оқушыларымыздың қоғам алдындағы азаматтық әрі әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырып, адами қасиеттерін ұштай түсу. Бұл қайырымдылық шарасы болғандықтан, шәкірттеріміз өз айналасындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға дұрыс қарап, оларға көмек қолын созуға мүмкіндік алады. Жалпы қайырымдылық шарасы мектебімізде жиі өтіп тұрады. Біз бұл бағытта Семей қалалық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Бүгінгі шарада қайырымдылықтан түскен қаржыдан осы мекемеден көмек алатын 5 мүмкіндігі шектеулі балаға ақшалай көмек береміз», -деді  мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.

Вена балында жалпы сомасы 780 мың теңге жиналды. Кешке арнайы шақырылған мүмкіндігі шектеулі 5 баланың әрқайсысына 100 мың теңгеден берілді. Қалған 280 мың теңге мектепте білім алатын көпбалалы отбасыдан шыққан, тұрмыс жағдайы нашар 10 баланың қажетіне жаратылады. Алдағы уақытта тиісті комиссия мүшелері аталған 10 балаға нақты қандай көмек керек екенін анықтап, сол бойынша қажетті киім-кешектерін сатып алып бермек. Сондай-ақ мектеп әкімшілігі қайырымдылыққа белсене қатысып, демеушілік жасаған ата-аналарға Алғыс хат табыс етті.

 

Соңғы жаңалықтар