Семейде қызыл жалын жер үй, шаруашылық қора-жай мен көлікті шарпыған

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында шыққан өрт жеке тұрғын үйге, шаруашылық қора-жайлар мен автокөлікке жайылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 маусым күні сағат 04.25-те Мусинов көшесіндегі шаруашылық қора-жайда өрт шыққаны туралы хабар түскен. Тілсіз жау сол маңайдағы жер үйге де лезде тарап кетті.

«Өрт сөндірушілер бірден оқиға орнына аттанды. Арыны басылмаған от көршілес үй шатырының ағаш құрылымдарына, пластик терезеге, гаражға жайыла бастаған. Жоғары температурадан гараж ішіндегі Daewoo Gentra автокөлігін де жалын шарпыды. Өртті сөндіруге 7 техника мен жеке құрамнан 28 адам жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Тілсіз жау сағат 06.05-те толықтай сөндірілді. Оның жалпы ауданы 140 шаршы метрді құраған.

Өрттің шығу себебі – отты абайсыз пайдаланудан немесе электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болуы мүмкін.



Соңғы жаңалықтар