Семейде құтқарушылар суға кеткен баланы табу үшін мұзды аршып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейде құтқарушылар үш күннен бері суға кеткен он жасарлық баланы іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Кей жерлерде ағыс жылдамдығы 2 метр секундқа жететіндіктен сүңгуірлер іздестіру жұмысын жүргізе алмайды. Сондықтан мамандар су асты камерасын пайдалануда, оның көру қашықтығы 3 метр.

Ағысы жоқ жерлерге сүңгуірлер түсіп су астын қарастырды. Осы аралықта мамандар 20 метр жердің мұзын бұзды.

Қазіргі уақытта құтқарушылар ағыстан төмен қарай 2 шақырым жерге кетті. Баланың қысқы киімдері іздестіру жұмысын қиындатуда. Өйткені оны ағыс белгісіз қашықтыққа апарып тастауы мүмкін.

Қазір іздестіруге 8 маман жұмылдырылған. Бұлар ШӨАЖҚЖ (Шығыс өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағы) құтқарушылары және Семей қалалық ТЖБ өкілдері. Құтқарушыларға 9 ерікті қолғабыс жасап жүр.

Еске сала кетсек, оқыс оқиға жексенбі күні Семей маңында болған. Екі бала ата-аналарының бақылауынсыз мұзда ойнаған. Ойын барысында баланың бірі байқамай жұқа мұзға шығып, ол ойылып суға кеткен. Екіншісі ересектерге көмек сұрауға жүгірген. Алайда бәрі кеш еді.

Соңғы жаңалықтар