Семейде көпқабатты үйден өрт шығып, 40 адам эвакуацияланды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы көпқабатты үйден өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін сағат 13:34-те өрт сөндірушілерге Шәкәрім даңғылындағы онқабатты үйден өрт шыққаны туралы хабар түскен. Анықталғандай, 4-ші қабаттағы пәтерде ағаш жиһаздар мен үй иелерінің жеке заттарын қызыл жалын шарпыған. Өрт шарпыған жалпы аумақ 12 шаршы метрді құрады.

«Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтау барысында 1992 жылғы ер адамды құтқарды. Оқиға орнына жедел жәрдем келгенге дейін оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Көмірқышқыл газына уланған жігіт ауыр хәлде жансақтау бөліміне жеткізілді. Көпқабатты үйден 40 адам эвакуацияланды, оның ішінде 9 бала бар», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қызыл жалынды сөндіруге 5 автоцистерна мен жеке құрамнан 30 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз пайдаланудан немесе мас күйде темекі шегуден болуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар