Семейде көмір беру жүйесі істен шыққан ЖЭО-да әскерилер 34 тонна көмірді қолмен салып шықты

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында көмір беру жүйесі істен шыққан жылу электр орталығында әскерилер 34 тонна көмірді қолмен салып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігі ресми өкілі Руслан Иманқұловтың мәліметінше, Семейдегі жылу электр орталығында көмір беру жүйесі істен шыққаннан кейін үйлер жылусыз қалмас үшін әскерилер тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.

«ТЖМ 68303 әскери бөлімі мен ҚМ 28738 әскери бөлімінің жеке құрамы жалпы көлемі шамамен 34 тонна көмірді қазандық агрегатына үздіксіз қолмен салып отырды. Жұмыс әлі күнге дейін жалғасуда. Электр кабелін ауыстыру бойынша қалпына келтіру жұмыстарын ЖЭО қызметкерлері атқарып жатыр. Қазір сыртқы ауа температурасы - минус 26 градус», - деді ол.

Еске салсақ, бүгін сағат 00:34-те Семей қаласында №1 ЖЭО-да ұзындығы 6 метр алаңда транспортер лентасы мен электр кабельдері жанған болатын.

Сағат 1.36-да өрт толығымен сөндірілді. Өрт салдарынан көмір беру жүйесінің жұмысы тоқтатылды.

Сондай-ақ ЖЭО-да көмір беру жүйесінен басқа агрегаттар толықтай жұмыс істеп тұрғаны хабарланған.


Соңғы жаңалықтар