Семейде қоқыс шығарудың жаңа тарифі бекітілді
2022 жылғы 24 маусым 23:45

Семейде қоқыс шығарудың жаңа тарифі бекітілді

CЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында қоқыс шығарудың жаңа тарифі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Семей қаласы мәслихатының кезекті 25-ші сессиясы өтті. Онда депутаттар тұрғындар үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекітті.

«Абаттандырылған жер үйде немесе пәтерде тұратын азамат үшін қоқыс шығару тарифі – 420 теңгені құрайды. Ал абаттандырылмаған үй тұрғыны ай сайын – 553,22 теңге төлейді», - делінген қала әкімдігі таратқан мәліметте.

Сондай-ақ мәслихат депутаттары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сөз қозғады.

Жыл басынан бері шаһарда 64 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 90 адам жарақат алып, 4 азамат көз жұмды. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен 14 жол апаты болған.

«Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 16 145 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде көлікті мас күйде басқарғаны үшін 168 жүргізуші, рульде отырып телефон пайдаланғаны үшін 987 адам айыппұл арқалады. Семей қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығы бейнебақылау камералары бойынша 4 791 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады», - делінген ақпаратта.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT