Семейде кішкентай қызды құтқарған ер адамның өзі суға кетті

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде Ертіс өзенінде баланы құтқармақ болған жігіт өзі суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап.

ТЖБ-ға 23 шілде күні сағат 16:17-де «101» диспетчер пультіне «Холодный ключ» ауданында ер адамның Ертіс өзеніне батып кеткені туралы хабар келіп түсті.

«Оқиға орнына Семей қаласының №7 құтқару бөлімшесінің 2 адамнан тұратын жеке құрамы қайықпен барды. Куәгерлердің айтуынша, ең алдымен кішкентай қыз суға батқан, ер адам оған көмекке ұмтылған. Ол қызды құтқарып үлгерген, бірақ өзі батып кеткен. Әуезов полиция бөлімі кезекшісінің айтуынша, белгісіз ер адамның денесін судан оның туыстары шығарып алған», - деп атап өтті ТЖБ-да.

Суға батқан 35 жастағы ер адам сол уақытта Ертіс өзенінің жағасында өз отбасымен болған.

Бұдан бөлек, «101» диспетчер пультіне Бобровка саяжай алқабы ауданында бір адамның суға кеткені туралы тағы бір хабар келіп түскен.

«Полицияның айтуынша, мәйітті екі жас адам шығарып алған», - деді ТЖБ-да.

Суға батқан ер адам 1980 жылы туған.


Соңғы жаңалықтар