Семейде қатты желден құлаған бағана көлікті басып қалды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында қатты желден бағана құлап, көлікті басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 35-квартал аумағындағы бетон бағана ресейлік тіркеудегі жеңіл көлікке құлаған. Бұл туралы «112» каналына учаскелік полицей хабарлады. Оқиға орнына бірден құтқарушылар аттанған.

«Ауа райының қолайсыздығы мен қатты желдің салдарынан көлікті электр желісі тартылмаған баған басып қалды. Сағат 10:18-де сол жерге құтқарушылар «ОСА-20» автокөлігімен жетіп, манипулятор кранымен бағанды көтерді. Осылайша, 30 минут ішінде көлік үстіне құлаған баған алынды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, Төтенше жағдайдың салдарын жоюға бір техника мен 4 адам жұмылдырылды. Зардап шеккен ешкім жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, кеше ШҚО-да қатты жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкеткен болатын.



Соңғы жаңалықтар